Жаңалықтар мен есеп
Жаңа жыл қарсаңында
Жаңа жыл қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті Қорымен бірге «Рахат» АҚ балаларға жаңа жылдық ертегіні тарту етті! Балалар үйлерінің мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілері мен 11 түзету мектеп-интернатының жеткіншектері, А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің тәрбиеленушілері, сонымен бірге Алматы қаласы мектептерінің оқушылары мен Алматы облысының тұрмысы төмен отбасыларының балалары бір сағат бойы әсерлі де бейнелі, әуенді шығармаға ден қойды.
М. Лермонтов атындағы Академиялық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Гаухар Мырзабекованың басшылығымен «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік оркестрінің орындауындағы Сергей Прокофьевтің музыкалық ертегісі бойынша Қуыршақ театрының әртістері өнер көрсеткен «Петя мен қасқыр» музыкалық қуыршақ спектаклі қойылды.
Бұл айрықша қойылым – балалардың биік өнерді танып, күрделі музыка әлемін түсінуіне айтарлықтай ықпал етеді. Қуыршақ қойылымы әділдікке, дархандыққа, сүйіспеншілікке, кешірімділікке баулып, байыпты ой түюге жетелейді.
Сәнді сахна, әсем әуен, өзгеше өнерпаздар. Мұндай мерейлі мереке жыл сайын Алматыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Жеткіншектер ертегі кейіпкерлерімен өткізген кездесуден керемет әсер алғаны сөзсіз. Спектакль соңында балаларға «Рахат» фабрикасы тәтті сыйлықтардан жаңа жылдық тарту жасады.